2026 жылдан бастап азаматтардың жекелеген санаттары үшін МӘМС жарналарын қаржыландыру тәртібі өзгереді. Төлемдер республикалық бюджеттен де, жергілікті бюджеттер есебінен де жүзеге асырылады.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен ресми тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналары төленеді. Бұл ретте субсидияланатын жұмыс орындарына орналасқан немесе кәсіби оқуға жіберілген тұлғалар бұл тізімге кірмейді. Сондай-ақ зейнетақы жарналарын үш айдан астам уақыт бойы төлемеген және әлеуметтік әл-ауқатының дағдарыстық деңгейіне жататын азаматтар үшін де төлем қарастырылған.
Республикалық бюджеттен МӘМС жарналары бұрынғыдай мүгедек баланы күтуге байланысты жәрдемақы алатын, жұмыс істемейтін азаматтар үшін, сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар үшін төлене береді.
Жарналарды уақытша төлемеген жағдайда азаматтар МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығын үш ай бойы сақтайды. Ал кемінде бес жыл бойы үздіксіз жарна төлеген азаматтар үшін қарызды кейін өтеу шартымен бұл мерзім алты айға дейін ұзартылады.





